ӨЛМЕС ӨСИЕТ (Құрсақтағы сәбиіме арналады)
ӨЛМЕС ӨСИЕТ  (Құрсақтағы сәбиіме арналады)

Жан балам,

Бір Аллаға иман келтір,

Имандының жолы ашық болады,

Ашық жолдың берекесі көп.

Басына  бағалы  бақыт қонады

Бақыттының мерекесі көп. 

Имансыздың жолы тайғақ болады

Тайғақ жолдың құлатары көп.

Жамандығы ісіне айғақ болады

Қылығының ұнатары жоқ.

 

Жан балам,

Пайғамбарға иман келтір,

Діншілдердің діні берік болады

Салиқалы жолды бастайтын,

Жақсылыққа жаны серік болады,

Әдебінен әркез аспайтын.

Дінсіздердің ісі шала болады,

Жігеріне құм құйылатын.

Жақсыларға қарсы  нала болады,

Жанына тек жын жиылатын.

 

Жан балам,

Кітаптарға иман келтір,

Білімдінің сөзі дәрі болады

Жүректегі дертті басатын.

Ізденімпаз жанның әрі болады

Талаптанса, таудан асатын.

Білімсіздің сөзі ауру секілді

Көңіліңді дел - сал қылатын.

Жау ұстаған суық қару секілді

Оқ атылса, демің тынатын.

 

Жан балам,

Акыретке иман келтір,

Мұсылмандар  ізгілікке беріліп,

Пайғамбарға толық иланар.

Жүрегінен иман нұры көрініп,

Амалынан  сауап жиналар.

Кәпір адам асыл дінге сенбестен

Құдайды жоққа шығарар.

Ақыретте, Мақшар күні, келместе

Тозақ- отта мәңгі сыналар.

 

Жан балам,

Періштелерге иман келтір,

Адалдардың жаны таза келеді,

Ар алдында отқа күймейді,

Сауаптарға қолын соза береді

Аш нәпсісін құл ғып билейді.

Арамдардың жаны пасық болады.  

Жақсылықты пасық сүймейді.

Құлшылықтан әркез қашық болады,

Бір Аллаға басын имейді.

 

Жан балам,

Тағдырыңа иман келтір.

Сабырлылар алтыннан да бағалы,

Жазмыш жазуына төзетін.

Жаратқанды ойлаумен жай табады,

Жарылқауы барын сезетін.

Сабырсыздың жаны күйіп піседі,

Аллаға айтпай мадақ, шүкірлік.

Уайым жейді, күйік ішеді,

Қылып алып күнә, күпірлік.

 

РS: Ақ батасын алған асыл ананың

Жаманы жоқ барлық баланың.

Өсиетті өлеңіме мән берсең,

Іс қыласың, балам, саналы.

 Авторы: Гүлсара Шалқар

Гүлсара ШалқарГүлсара Шалқар
9 лет назад 5279
3 комментария
  • мәшәАлла.
    9 лет назад
    • МәшәАлла...Осындай аналарымыз көбее берсін. Ерекше ой салдыңыз. Алла разы болсын Гүлсара апай. Осы кезде ойыма Имам әш-Шафиғидің оқиғасы есіме түсті. Анасы баласының белін буып, сәлдесін кигізіп: "Қазір мешітке бар. Мешітте ғалым уағыз айтып отыр. Ілімінен бұрын, әдебін үйрен",-дегені өте керемет тәрбие көріністерінен. Сол секілді, Абай ауылға Семей қаласынан үш жыл оқып келіп, жайлаудағы әке үйіне жеткенде өз туыстарын көреді.Бойын сағыныш билеген ол аттан түскен бетте амандасу үшін анасына қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: "Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр.Әкеңе барып, сәлем бер",-дейді",-деген жолдар бар. ( "Абай жолы" 1-том, 9-бет. Алматы, Жазушы, 2003). Тәрбиенің имандылық қағидасының иісі аңқып тұр ғой, шіркін!
      9 лет назад
  • Пикирлеринизге ракмет! Алла разы болсын!
    9 лет назад
О блоге